Денсаулық

Йод неге тапшы?

Йодтың адам ағзасына қажеті зор микроэлемент екенін жақсы білеміз. Тиісті  мөлшерден аз болса, ауруға шалдығатынымыз да анық. Мұндай жағдайда, әсіресе, жас балаларда ақыл-ойдың тежелуі байқалады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша жер бетінде бұл дертпен ауыратындардың саны 650 миллионнан асады. Ал 2 миллиард адамда йоджетіспеушілігінің белгілері бар. Мамандардың мәлімдеуінше, жер шарындағы бір миллиардтан астам адам табиғи йод жетіспейтін аймақтарда өмір сүреді. Қазақстан да сол аймаққа жатады.

Біздегі судың, топырақтың және өндірілетін өнімдердің құрамында йодтың мөлшері тым аз. Соның салдарынан республика облыстарының он бірінде эндемиялық жемсау ауруы ушығып отыр. Әсіресе, Шығыс Қазақстан мен оңтүстік өңірдегі жағдай тым нашар. Бұл аймақтарда орташа есеппен алғанда әрбір бес адамның бірі осы ауруға шалдығады екен.

Біздің облыс та эндемиялық аймаққа жататындықтан, аурулар саны жыл сайын көбейіп  келеді.  Мәселен, 2008 жылы 100 мың адамға шаққанда 356,6 ауру тіркелсе,  былтырғы  көрсеткіш — 370,5. Облыстың бас эндокринолог-дәрігері Гүлзира Қалықова былай дейді:

— Бұл ауруға, әсіресе, балалар, жасөспірімдер мен әйелдер бейім келеді. Жас ағзада йод жетіспесе, интеллектуалдық қабілет нашарлайды. Ал жүкті әйелдерде түсік тастау оқиғасы, мезгілінен бұрын босану, баланың дұрыс жетілмеуі, сәбидің дүниеге келгенде іштен ауру болып немесе өлі тууы да жиі байқалады.

Йод жетіспеген адамдар көбіне эндемиялық жемсау ауруына шалдығады. Бұл қалқанша бездің үлкеюімен анықталады. Бірақ йоджетіспеушілік ағзаға әсерін қалқанша безге байланыссыз да тигізуі мүмкін. Балаларда психомоторлық даму, иммунитет тежелісі, кретинизм пайда болады.

Облыстың бұрынғы Ақтөбе ауданы территориясы, Қарғалы селосы, Мұғалжар, Алға аудандары — йоджетпіспеушілігіне бейім мекендер. Ақтөбе қаласының халқы күн санап өсіп келе жатқаны мәлім. Ал судағы йод аздық етіп тұр.

Облыста йоджетіспеушіліктің алдын алуда біраз шаралар жасалып жатыр. Жақында  қалалық санитарлық-эпидемиологиялық орталықпен бірігіп семинар өткіздік. Бұған тағам өндіретін кәсіпкерлерді шақырып, олардың өндіретін су, нан, сүт тағамдарына йод қосу тапсырылды. Бұл — халықты жаппай йодпен қамтамасыз етудің бір жолы. Қазір халық  йодталған тұзды қолданады. Кейбір мекемелер йодталған ұннан нан пісіріп жатыр. Тек сүт тағамдарын йодтау әзірге баяулап тұр. Бұның себебі — йодтау тәсілінің күрделілігі. Кәсіпкерлердің бәріне осы аталған, халықтың бірінші кезекте қолданатын басты тағамдарын йодтау тапсырылды.

Тағы бір ескертетін жай бар. Белгілі бір топтағы адамдарға йодомарин, йодобаланс, йодид калий дәрілері жас ерекшеліктеріне  қарай беріледі. Бұл ем, әсіресе, жүкті әйелдерге, балалар мен жасөспірімдерге тағайындалады. Әйелдер жүктіліктің  алғашқы үш айында йод дәрілерін ішуі тиіс. Бұл —  іштегі нәрестенің дені сау болып тууы үшін қажет. Йод жетіспеген жағдайда бала кемақыл болып туады. Ондай жағдайлар кездесті де. Осының алдын алу мақсатында қазір барлық жүкті әйелдерге йодид  дәрісі тегін таратылып жатыр.

Түйіндеп айтсам,  йод дәрілерін өз денсаулығына жаны ашитын әр адам  қолдануы керек.

Ал йоджетіспеушіліктің нышаны — әлсіздік пайда болып, ұйқы басады, тері құрғайды, — дейді Гүлзира Нұғманқызы.

Сырқаттың себебі

Адам ағзасында йодтың жетіспеуі ойдың ғана емес, бойдың да өсуін тежейді. Тіпті, психикалық сырқаттарға соқтыруы мүм­кін. Қалқанша безінің қабынуы салдарынан ағзадағы зат алмасуы бұзылады. Ал кейбір жағдайда адамның құлағы естімей қалуы да мүмкін. Йод тапшылығынан Базедов жемсауы, спорадиялық жемсау, эндемиялық жемсау, атиреоз, гипотиреоздар, ісіктер пайда болуы ықтимал.

Ауру асқынып, созылмалы болып келсе, науқастың айығуы қиындай түседі. Йоджетіспеушілік ауруларының ішінде аса қауіптісі —  эндемиялық жемсау. «Эндемиялық» деген термин «белгілі аймаққа тән» деген мағынаны біл­ді­реді.

Мұның салдарынан көптеген аурулар, мәселен, түйінді құрылымдар мен қатерлі ісіктер дамуы мүмкін.

Йоджетіспеушілік ауруларының ең ауыр түрлері – балалардың ақыл-есі мен дене бітімі дамуының кешеуілдеуі, жыныс органдарының жетілмеуі, екіқабат әйелдердің түсік тастауы немесе керең, көзі көрмейтін, ақыл-есі кем балалардың тууы.

Барлық аймақтарда қалқанша безінің эндемиялық ұлғаюы (энде­мия­лық жемсау) ұл балаларға қара­­ғанда, қыз балаларда көбірек кезде­се­ді (45%-50%), эндемиялық жем­сау 6-7 жастан басталып, есейе келе тіпті жоғары деңгейге ұласады.

Тұздың татымы

2004 жылы Денсаулық сақтау министрлігі «Йод тапшылығын жою және темір жетіспейтін анемияға қарсы күрес» атты ортақ мәселеге арналған ұлттық конференцияны Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры мен Қазақ тағамтану академиясымен бірігіп өткізген болатын.

Қазақ тағамтану академиясының мамандары БҰҰ Балалар қорының қаржыландыруымен арнайы зерттеу жүргізген. Нәтижесінде йод тапшылығы бар елдерде тұратын балалардың интеллектуалдық дәрежесі өз замандастарына қарағанда 10-15 пайызға төмен болатыны анықталған. Демек, йод бала ананың құрсақта пайда болған кезінен бастап аса қажет екен. Сол себептен, бұл мәселеге БҰҰ Балалар қоры айрықша назар аударып, йод тапшылығы бар елдерге қолдау көрсетуде.

Өткен жылдары йод тапшылығынан пайда болатын аурудың алдын алу және тағамдық азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы туралы заңдар да қабылданғаны есімізде. Бірақ Қазақстан йодты жаппай пайдаланатын елдердің қатарынан әлі күнге дейін көрінбей келеді. Негізінде жаппай йодталған тұзды қолданысқа енгізген елдердің санатына кіру үшін бұл көрсеткіш 90 пайызға жетіп жығылуы керек екен. Ал біздің елдегі көрсеткіш — 80 пайыз.

Әлемнің йод тапшылығы бар 90 елі бұл мәселені ас тұзын йодтау арқылы шешуге болатынына көз жеткізіп отыр. Соңғы кезде еліміз де халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ тұз өндірушілердің қауымдастығы арасында тығыз қатым-қатынас орната отырып, бірқатар игі жұмыстар атқарып келеді. Әйтсе де, кейбір тағам өндірушілердің көзбояушылыққа барып отырғандары да рас. Сыртқы жазуына қарап тұздың құрамында шын мәнінде йод бар деп сенесің. Алайда Қазақстан тамақтану ака­де­миясы жүргізген медициналық-демо­гра­фия­лық  зерттеу нәтижесі 5 844 отба­сы­ның 29%-ы йодталған тұз қолдана­тынын, ал 13,4%-ы сырт­қы қорабын­дағы “йод­талған” деген сөз шын­дық­қа жанас­пайтын (тест нәти­жесінде йодтың ізі де бол­маған) тұзды пайда­ла­натынын көрсет­кен.

Йодты тағам ішіңіз…

Мына тағамдарда  йод көп: жұмыртқа, сүт, балық.

Ал йоды өте көп тағам — теңіз капустасы, әсіресе, консервіленген теңіз капустасы.

Орыстың атақты дәрігері А.Малахов жемістерді дәнегімен қоса жеуді ұсынады, өйткені ол йодқа бай.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button